Қызылорда облысының білім басқармасының «Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі» КМҚК
AA+

2026 жылғы 15 қыркүйекте Қызылорда политехникалық жоғары колледжінде Чунцин су ресурстары және электр энергетикасы кәсіптік-техникалық колледжінің делегациясымен ресми кездесу өтті. Кездесу аясында «Қазақстан–Қытай интеллектуалды су шаруашылығы және электр энергетикасы саласындағы білім беру мен өндірісті ықпалдастыру орталығының» салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.Маңызды іс-шараға басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы Есжанов қатысып, жаңа орталықтың ашылуына орай құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, орталықтың техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, тәжірибеге бағдарланған білікті мамандар даярлауға және халықаралық байланысты нығайтуға жаңа мүмкіндік беретінін атап өтті.Асқарбек Темірбекұлы екі елдің білім беру ұйымдары арасындағы серіктестік өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, білім алушылардың заманауи технологияларды меңгеруіне және еңбек нарығының талаптарына сай кадрлар даярлауға ықпал ететініне сенім білдірді.Іс-шараны Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Талғатұлы Жүнісов жүргізді. Колледж басшысы қатысушыларды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтап, бұл бастаманың білім беру мен өндірісті ықпалдастыру бағытындағы жұмыстарға тың серпін беретінін айтты.Чунцин су ресурстары және электр энергетикасы кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Сун Цзюнь орталықтың ашылуын екі оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі деп бағалады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан оқытушыларға, білім алушыларға және сала өкілдеріне ризашылығын білдірді.Қытайлық делегация басшысы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыру бағытындағы жұмысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, қазақстандық колледждің білім беру қағидаттары мен даму бағыты Чунцин су ресурстары және электр энергетикасы кәсіптік-техникалық колледжінің мақсаттарымен үндеседі.Салтанатты рәсімнің маңызды сәтінде басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы Есжанов орталықтың тақтайшасын ресми түрде ашты. Қатысушылар бұл оқиғаны екі ел арасындағы кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам ретінде бағалады.Жаңа орталық білім беру ұйымдары мен өндіріс орындарының өзара іс-қимылын күшейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыруға, халықаралық стандарттарды әзірлеуге және заманауи оқу ресурстарын қалыптастыруға арналған негізгі алаң болмақ.