15 мамыр — Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі үшін тағылымы мол, тарихи күн. Бүгін колледжімізде мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Сыр елінің біртуар перзенті Исатай Әбдікәрімовті еске алуға арналған тағзым шарасы өтті. Шара барысында колледж директоры техника ғылымдарының кандидаты, профессор Жүнісов Абайбек Талғатұлы, колледж ардагерлері мен арнайы қонақтар сөз сөйлеп, тұлғаның өнегелі өмірі туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ студент жастар арнау өлеңдерін оқып, Исатай Әбдікәрімовтің жарқын бейнесіне тағзым етті. Исатай Әбдікәрімов — ел мүддесін жоғары қойған көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, ауыл шаруашылығы, күріш өндірісі, білім мен мәдениет салаларының өркендеуіне еңбек сіңірді. Оның бастамасымен бірқатар өндіріс орындары мен оқу мекемелері ашылып, өңірдің дамуына серпін берілді. Қызметтегі біліктілігінің арқасында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасы қызметіне дейін көтерілді. Сонымен қатар Исатай атамыздың жастық шағы мен қайсарлығы — бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында ерлік көрсетіп, ел қорғау жолында аянбай күресті. Соғыстан кейінгі қиын кезеңдерде де ел еңсесін көтеруге белсене араласты.Шара аясында колледж ұжымы, ардагерлер, құрметті қонақтар мен студент жастар Исатай Әбдікәрімовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тұлғаның рухына құрмет көрсетті. Тағылымды жиында Исатай атамыздың елге сіңірген еңбегі, өнегелі өмір жолы мен адамгершілік қасиеттері кеңінен айтылды. Бүгінде Исатай Әбдікәрімов есімі — адал еңбек пен елге қызмет етудің символына айналды. Осындай тарихи тұлғалардың өмір жолын насихаттау — жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды құндылықтардың бірі.
РУС
ENG
ҚАЗ