Қызылорда облысының білім басқармасының «Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі» КМҚК
AA+

Астана қаласында «AMANAT» партиясы ұйымдастырған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы аясында Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» атты маңызды форум өтті.

Форум – әйелдердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға және олардың ел болашағына қосар үлесін айқындайтын маңызды диалог алаңы болды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов құттықтау сөз сөйлеп, әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі мен жаңа идеяларын қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол білім, ғылым, саясат, кәсіпкерлік және мәдениет салаларында ел дамуына үлес қосып келе жатқан әйелдердің орны ерекше екенін айтты.

Сонымен қатар жаңа Конституциядағы өзгерістерге тоқталып, ел тағдырына және болашаққа қатысты мәселелер бойынша түпкі шешімді референдум арқылы халық қабылдайтынын, бұл жаңа саяси мәдениетіміздің қалыптасуы екенін атап өтті.

Еліміздің барлық өңірінен келген түрлі салада табысқа жеткен белсенді әйелдер мен баспа саласының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамдағы рөлдері туралы айтып, жаңа Конституциядағы ерекшеліктерге тоқталды. Олар ел болашағына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, қоғам үшін маңызды ұсыныстарын ортаға салды.

Форум барысында қоғамдағы әйелдердің рөлі және белсенді азаматтық позиция туралы маңызды мәселелер көтерілді.
Жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Конституциядағы теңдік пен әділдік қағидаттары қоғамдағы әрбір азаматтың, соның ішінде әйелдердің де мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Бұл – елдің тұрақты дамуына негіз болатын басты құндылықтар.

Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымға басымдық берілген. Әр азаматтың білім алуға құқығы – еліміздің болашағына салынған ең үлкен инвестиция.
Білімді ұрпақ – бәсекеге қабілетті мемлекеттің кепілі. Сондықтан ғылымды дамыту, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау – қоғамның ортақ міндеті.

Форум әйелдердің бірлігі мен күшін, ел болашағына деген жауапкершілігін айқын көрсеткен тағылымды кездесу болды.
Әйел – отбасының шуағы,
қоғамның тірегі,
ел ертеңіне жауапты тұлға!