Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Осы ұлық мерекеге орай «Политехникалық мамандықтар» бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Береке бастауы – Әз Наурыз» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өткізілді.
Іс-шара барысында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды көрмелер ұйымдастырылды.
Колледж бөлімшелері төрт түрлі бағытта ұлттық жәдігерлерді паш етті:
* «Ұлттық тағамдар – береке бастауы» көрмесінде қазақтың дәстүрлі ас мәзірі ұсынылды;
* «Ұлттық қолөнер – халық мұрасы» көрмесінде қолөнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды;
* «Ерлік пен елдік мұрасы» көрмесінде ұлттық киімдер мен бұйымдар таныстырылды;
* «Ұлттық киімдер» көрмесінде ұлттық киімдер қойылды.
Кеш шымылдығы Жер-Ана мен Қыдыр атаның ақ батасымен ашылып, ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашты.
Шара барысында әндер шырқалып, күмбірлеген күй төгілді, мың бұралған билер орындалып, ұлттық ойындар ойнатылды. Сонымен қатар, тұсау кесер дәстүрі көрсетіліп, жас ұрпаққа ұлттық тәрбиенің маңызы насихатталды.
Мерекеге арнайы келген құрметті қонақтарымыз, ардагер ұстаздарымыз бен колледж басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін білдірді.
Шараның басты мақсаты – ұлттық мәдениетімізді ұлықтау, салт-дәстүрімізді насихаттау, жастардың бойына ұлттық рух пен патриоттық сезімді сіңіру, сондай-ақ, ұжым арасында ынтымақтастық пен бірлікті нығайту.
Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құт-береке, молшылық пен ырыс әкелсін!
Әз Наурыз құтты болсын!
РУС
ENG
ҚАЗ
